Павлодарда қорғаншылар мен патронаттық тәрбиешілерге құрмет көрсетілді

Павлодарда қорғаншылар мен патронаттық тәрбиешілерге құрмет көрсетілді
Иллюстрация: dribbble.com / Anna Yashina

Шаһарда 436 баланың тәрбиесі мен дамуына жағдай жасап отырған 360 отбасы бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қамқоршылар күні аясында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған қамқоршыларға қолдау көрсету мақсатында Павлодар қаласының барлық жалпы білім беретін мектептерінде қорғаншылар мен патронаттық тәрбиешілерге құрмет көрсету шаралары өткізілуде.

– Қазіргі таңда Павлодар қаласында 436 баланың тәрбиесі мен дамуына жағдай жасап отырған 360 отбасы бар. Қамқоршылар күніне орай қала мектептерінде «Балаларға сүйіспеншілік сыйла» атты концерттер, «Мен және менің отбасым» атты дөңгелек үстелдер, «Отбасы – бақыт негізі» атты тренингтер өткізілуде, – деді облыстық білім басқармасында. 

Сонымен қатар, «Отбасылық фотогалереялар» фото көрмелері, суреттер, плакаттар, балалар қолөнер байқаулары ұйымдастырылды.

Бұдан бөлек, Павлодар қаласының білім беру бөлімі Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінде екі және одан да көп бала тәрбиелеп отырған қамқоршыларға алғыс хаттар мен сыйлықтарды тапсыру арқылы «Мейірімге толы жүрек» атты салтанатты шараны ұйымдастырды. Мерекелік шара мектеп оқушыларының музыкалық қойылымдарымен аяқталды.