Павлодарда қосалқы стансада қуат трансформаторы жөнделіп жатыр

Павлодарда қосалқы стансада қуат трансформаторы жөнделіп жатыр
Константин Шелковтың фотосы

Жөндеу кезінде №2 трансформаторға қосылған үйлер уақытша №1 қуат трансформаторына ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар электржелілік тарату компаниясы» қалалық электр желілері кәсіпорнының трансформаторлық және тарату пункттері қызметінің мамандары №173 трансформаторлық қосалқы стансадағы №2 қуат трансформаторына ағымдағы жөндеуін жасап жатыр. Қалалық электр желілері кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Юрий Волошаниннің айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстар кешенді сипатқа ие: трансформаторды және оның оқшауламасын тазалау, майды толықтыру, болтты қосылыстарды тарту, анықталған жағдайда, техникалық ақауларды жою.

– Бұл жөндеу жұмыстары электр жабдықтарының сенімділігін арттыруға және облыс тұрғындарын тұрақты жарықпен қамтамасыз етуге бағытталған. Жоспарлы профилактика - апаттық жағдайлардың алдын алу үшін маңызды қадам, – деді Юрий Волошанин.

Жөндеу кезінде №2 трансформаторға қосылған үйлер уақытша №1 қуат трансформаторына ауыстырылды. Осылайша, тұрғындардың үйлерінде жарық үзілген жоқ.

– Дегенмен, жөндеу алдында қысқа мерзімді ажыратулар жасалады. Бұл жабдықты жөндеуге шығару және абоненттерді балама энергия көзіне қосу үшін қажет. Мұндай өшірулер, негізінен, түнгі уақытта – электр жүктемесі ең аз кезде жүргізіледі. Бұл тұрғындарға келетін қолайсыздықтарды барынша азайтады, – деді Юрий Волошанин.

Компания өкілдерінің мәліметінше, жоспарлы ауыстыру жұмыстары электр кернеуінің сапасына әсер етпейді. Сонымен қатар, ол тұрмыстық техниканың дұрыс жұмыс істеуіне ешқандай қауіп төндірмейді.

– Біз үшін басты мақсат қала тұрғындарын тұрақты әрі қауіпсіз электр қуатымен қамту. Сол себепті барлық жоспарлы жөндеу жұмыстары халықаралық стандарттарға сай, қатаң техникалық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады, – деп атап өтті кәсіпорын өкілдері.

Энергетиктердің айтуынша, мұндай ағымдағы жөндеу жұмыстары жыл сайын өткізіліп тұрады. Бұл – электр желілерін жаңғыртудың және қаладағы электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.