Павлодарда үш ауысыммен қоштасатын күн алыс емес
Шаһарда оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы екі жылда шаһарда екі жаңа мектеп салынды, сондай-ақ төрт мектепке қосымша ғимараттар тұрғызылды. Бұл шаралар білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігін едәуір азайтуға мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта Усолка ықшам ауданында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы басталады. Қазіргі таңда мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сараптама наурыз айының соңына дейін аяқталып, сәуір айында құрылыс жұмыстары басталмақ. Жоспар бойынша білім ордасы келесі жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, жобалық-сметалық құжаттамаға 50 миллион теңге жұмсалған. Бұл қаражат ERG компаниясымен жасалған меморандум аясында өтелген.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, бұл жоба Усолка ықшам ауданындағы өзекті мәселені түбегейлі шешуге бағытталған.
– Қазіргі таңда Павлодар қаласында үш ауысымда оқыту мәселесі тек Усолка ықшам ауданында ғана сақталып отыр. Мұнда шамамен мыңға жуық бала үшінші ауысымда оқуға мәжбүр. Жаңа мектеп іске қосылған соң бұл мәселе толық шешіледі, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, аталған мектеп ресми түрде «Келешек мектеп» атауымен салынбаса да, жабдықталуы мен ішкі-сыртқы инфрақұрылымы жағынан осы жоба талаптарына толықтай сәйкес болады. Ол Достық шағын ауданында бой көтерген жаңа мектептің үлгісінде салынады.
Бұл мектеп екі ауысымда жұмыс істеген жағдайда 2400 оқушыны қабылдай алады.
– Жалпы, соңғы екі жылда Павлодар облысында 10 мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тағы екі мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олар – Ертіс ауданындағы Қызылқақ ауылы мен Екібастұз қаласына қарасты Атығай ауылы. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылындағы авиақалашық ықшам ауданында мектеп пен балабақшалар салу жоспарда бар, – деді Асайын Байханов.
Айта кетейік, «Келешек мектептері» жобасы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Бұл мектептердің құрылысы Ұлттық қор есебінен қаржыландырылады. Қазіргі таңда Павлодар қаласында осындай екі мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Достық шағын ауданындағы білім ордасы мен бүгін ресми түрде ашылған №47 мектеп.
Ал өзге білім беру нысандары облыстық бюджет есебінен салынуда.