Павлодарда үйлердің ауласында өрт сөндіру көліктеріне арналған алаңдар пайда болуда

Павлодарда үйлердің ауласында өрт сөндіру көліктеріне арналған алаңдар пайда болуда
Фото: ТЖД

Оның мақсаты – өрт кезінде құтқару көліктерінің көпқабатты үйлерге кедергісіз жетуіне жағдай жасау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы «Ирина» тұрғын үй кешенінің аумағында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң жабдықталды. Ол – өрт сөндіру көліктерін орналастыруға, қажетті жабдықтарды орнатуға және құтқарушылардың жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, көпқабатты үйлердегі төтенше жағдай кезінде маңызды. Өйткені өрт сөндіру техникасының ғимаратқа жақын орналасуы адамдарды эвакуациялау мен құтқару жұмыстарын жеделдетуге көмектеседі.

Мұндай алаңдарды жабдықтау өрт қауіпсіздігі талаптарының күшеюіне байланысты қолға алынған. Талаптар Қазақстан Республикасының «Ғимараттар мен құрылыстардың өрт қауіпсіздігі» құрылыс нормаларына енгізілген.

Жаңа талаптарға сәйкес, көпқабатты тұрғын үйлерді жобалау және салу кезінде өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң қарастырылуы керек. Оның ең аз өлшемі – 15×6 метр.

Алаңның шекарасы ені 20 сантиметр болатын қызыл жолақпен белгіленеді. Сонымен қатар, оған «Тоқтауға тыйым салынады» жол белгісі және «Өрт сөндіру техникасына арналған алаң» деген ақпараттық тақтайша орнатылады.

– Төтенше жағдай кезінде мұндай алаңның бос болуы өте маңызды. Себебі аулаларда жеке көліктердің ретсіз қойылуы өрт сөндіру машиналарының ғимаратқа жақындауына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан тұрғындарға арнайы алаңдарға көлік қоймау ескертіледі. Бұл талапты бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінде.

Төтеншеліктердің айтуынша, арнайы алаңдардың болуы өрт кезінде техниканың оқиға орнына жылдам жетуіне және құтқарушылардың қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.