Павлодарда үздік жұмысшы маман иелерін атады

Марапаттарды кәсіпорындардың үздік қызметкерлері, жастардың мықты тәлімгерлері және еңбек әулеттері алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Салтанатты марапаттау рәсімі Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өтті. Іс-шара облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің құттықтау сөзімен басталды. Оның сөзінше, Павлодар өңірі өзінің еңбек әулеттерімен және шеберлерімен мақтанады және байқауға қатысушылар – осының айқын дәлелі.
– «Еңбек жолы» байқауы — еңбекті құрметтеудің үлкен миссиясының бір бөлігі. Бұл – өз еңбегімен елдің болашағын жасайтын жандарға деген алғысымыз. Бүгін біз тек жеңімпаздарды ғана емес, адал және шығармашылық еңбектің жолын таңдаған барша азаматтарды құттықтаймыз. Сіздер жас ұрпаққа үлгісіздер. Кәсіби шеберлік, жауапкершілік пен еңбекке деген сүйіспеншілік әрдайым лайықты бағасын табады, – деді Дәурен Жамбайбек.
Биыл өңірлік кезеңге 16 адам қатысты. Байқау үш номинация бойынша ұйымдастырылды.
– Үздіктерді анықтау оңай болмады. Комиссия мүшесі әр қатысушының еңбек өтіліміне, жеткен жетістіктеріне және байқауға жіберген материалдарына назар аударып, қорытынды шығарды, – деді аумақтық кәсіподақ төрағасы Динара Айтжанова.
Кәсіподақ төрағасының сөзінше, шаһар жақсы ұжымдық шарты бар үлкен ұйымның құрамына кіреді және жыл сайын жасалған ұжымдық шарттар саны бойынша көшбасшы орын алады.
– Біздің ұйым жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін жоғары деңгейде қолдайды, бұл жыл сайын жасалатын ұжымдық келісімшарттардың саны мен сапасымен айқын көрінеді. Біз әрбір қызметкердің кәсіби дамуына, мотивациясына ерекше көңіл бөліп, еңбек жағдайларын жайлы әрі қауіпсіз етуге барынша күш салудамыз. Биылғы жыл — жұмысшы мамандықтар жылы — бізге еңбектің қадір-қасиетін ұлықтап, оған лайықты құрмет көрсету керектігін тағы да еске салады, – деді ол.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ өндірісінің аға шебері Жексен Ажманов жеңіске жетті. Кәсіпорындағы жалпы жұмыс өтілі 32 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде ол елуден астам жас маман даярлап үлгерді.
– Кәсіпорынға 28 жасымда келдім. Ол кезде слесарь болып жұмыс істедім, кейін токарь мамандығына ауыстым. Араға жылдар салып шебер болдым, қазір аға шебер лауазымында қызмет етемін. Сондай-ақ енді келген жастарға сабақ үйретемін, – деді Жексен Ажманов.
Оның сөзінше, оқуға келетін жастардың қарасы қалың. Алайда, көбі түрлі себептерге байланысты жұмыста қала бермейді.
– Көбіне жастарға болашақ жұмыста керек қабілеттерді үйретуге тырысамын. Ертең өздеріне оңай болады. Қазір штатта сегіз адам бар. Егер оқимын деген жастар бар болса, бір-екеуін ала аламыз, – деді ол.
Мұндай байқаулар еңбек майталмандарын анықтап, жастарға еңбекқорлық пен кәсіпқойлықтың маңыздылығын насихаттаудың бірден-бір тиімді жолы.