Павлодарда Ұлттық ұлан сарбазы туған күнінде Құрылтай сайлауында дауыс берді
Павлодарда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, азаматтық таңдауын жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әскери бөлім аумағында орналасқан сайлау учаскелерінде 300-ге жуық сарбаз дауыс берді. Олардың арасында бүгін 21 жасқа толған қатардағы жауынгер Аслан Багаутдинов та бар.
Қарағанды қаласынан әскер қатарына шақырылған сарбаз таң сәріден сайлау учаскесіне келіп, алғашқылардың бірі болып дауыс берді.
– Құрылтай сайлауының менің туған күніммен тұспа-тұс келгені маған қуаныш сыйлайды. Бүгін жиырма бір жасқа толдым. Ел үшін маңызы зор сәтте азаматтық ұстанымымды білдіріп, өз таңдауымды жасадым, – деді Аслан Багаутдинов.
Әскери бөлім басшылығы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбазды туған күнімен құттықтап, сый-сыяпат табыстады.
Айта кетейік, 5512 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін Абай, Алматы, Қарағанды, Көкшетау және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған сарбаздар атқаруда. Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша барлығы 6 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оларда мерзімді әскери қызметшілермен қатар офицерлер мен сержанттар да дауыс беруде.