Павлодарда адамдарды қорқытып, ақша бопсалаған қылмыстық топ қолға түсті

Павлодарда адамдарды қорқытып,  ақша бопсалаған қылмыстық топ қолға түсті
Фото: Константин Шелков

Олардың жәбірленушілеріне келтірген шығын көлемі үш миллион теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері бопсалау фактілеріне қатысы бар деген күдікке ілінген адамдар тобын ұстады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында үш жәбірленуші анықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оларға келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 3 миллион теңгеден асады.

Белгілі болғандай, күдіктілер бір ай бойы Павлодар қаласының тұрғындарынан ақша талап етіп, талаптарын физикалық күш қолдану мен әрі дене жарақатын салумен іске асырып отырған. 

— Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, – деді облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел қызметкерлер күдіктілердің жеке басын анықтап, алты адамды ұстады. Олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.