Павлодарда ыстық су күздің басында беріледі
Жылыту маусымы басталғанға дейін 200 үй ыстық сусыз отырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Павлодар жылу желілері» ЖШС бас инженері Сергей Панихин мәлім етті.
– Гидравликалық сынақтардың нәтижесі бойынша магистральдік құбырларда 20-дан астам ақау анықталды. Бүгінде сегізі жұмысқа алынса, екі ақау шыққан құбырды күрделі жөндеуге ауыстырамыз. Яғни, күтпеген жағдайлардың салдарынан жұмыстың көлемі ұлғайды, – деді Сергей Панихин. – Қазір 300 тұрғын үй ыстық сусыз отыр. Оған Назарбаев даңғылы көшесіндегі үйлер жатады.
Павлодар қаласы ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрлан Рашитовтың айтуынша, солтүстік желілік ауданда жылу магистралі толтырылған. Жоспар бойынша аталған аудандағы үйлерге 1 қыркүйекте ыстық суды қосады.
– Оңтүстік желілік ауданда ЖЭО-1 кезең-кезеңмен жылу магистралін толтырып жатқандықтан, сол аудандағы үйлерге ыстық су бірнеше күнге кеш, яғни 5 қыркүйекте беріледі. Алайда күрделі жұмыстар жүріп жатқан аумаққа 200 үй кіреді. Сол үйлерде жылыту маусымына дейін ыстық су болмайды,– деді Нұрлан Рашитов.
Оның сөзінше, бүгінде мыңға жуық үй ыстық сусыз отыр. Оның ішінде 735 көпқабатты тұрғын үйге бесінші қыркүйекте су беріледі деп жоспарланған. Бүгінгі таңда ыстық сумен 541 үйдің ішінен 171-і жабдықталды.