Павлодарда актер Бекболат Оқасовты еске алу кеші өтті

Іс-шара актердің өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын бейне көрсетілімнен басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында театр актері Бекболат Қабиденұлы Оқасовтың туғанына 50 жыл толуына орай өткен еске алу кешінде әртістің әріптестері мен достары, өнерін бағалайтын жандар және қоғам өкілдері жиналды. Олар Бекболат Оқасовтың ұлттық театр өнерін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жарқ еткен жарқын бейне» атты шығармашылық кешті ҚР мәдениет қайраткері, театрдың негізін қалаушылардың бірі Жұмахан Доспаев жүргізіп, әріптесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
- Лашын (Бекболаттың шын аты) қай ортада жүрсе де, оны бәрі қуанышпен, ілтипатпен қарсы алатын. Ол жай ғана актер емес еді - ол ерекше құбылыс болатын. Ашық жүректі, сахнаға шексіз берілген, өнердің миссиясын терең сезінетін жан еді. Оның үні - қуат, жанары - шындық, ал ойыны - өмірдің өзі болатын. Аз ғана уақыттың ішінде халықтың сүйіктісіне айналды, сирек дарын иесі, сахна жұлдызы болды. Ол театр үшін жаралған жан еді, өкінішке қарай, өмірі қысқа болды, – деді ол.
Бекболат Оқасов 1975 жылы Ақтоғай ауданының Шұға ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын тәмамдағаннан кейін Ж. Аймауытов атындағы театрдың жетекші актерлерінің бірі болды. Ол Малайсары, Шыңғыс хан, Шернияз, Кебек, Арқалық батыр, Міржақып, Оразқұл бейнелерін және басқа да 20-дан астам рөлдерді сомдады.
Актердің таланты республикалық және халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланғанымен, оның басты марапаты - көрермендердің сүйіспеншілігі болды. Ол сахнадағы рөлдерімен ғана емес, мінезінің кеңдігімен, мейірімділігімен және адамгершілігімен де көптің жүрегін жаулап алды.
2014-2016 жылдары Бекболат Оқасов театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, өнер ордасының дамуына зор үлес қосты. Ол 2018 жылдың 25 наурызында 43 жасында өмірден өтті. Актер қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырды.
Еске алу кеші театрландырылған қойылымдармен, поэзиялық және музыкалық нөмірлермен жалғасты. Сахна әріптестері - Ақжол Дүйсенұлы, Арман Серікқазиев және басқа да актерлер досы мен ұстазына арналған әндер мен монологтар орындады. Кеш барысында Бейбіт Бөженнің өлеңдері мен Бекболат Оқасов ойнаған спектакльдерден үзінділер оқылды.
Кеш театр труппасы орындаған «Театр актерлары» әнімен қорытындыланды. Бұл ән Бекболат Оқасовтың өнеріне деген құрметтің, сүйіспеншіліктің және мәңгілік естеліктің символына айналды.