Павлодарда алғаш рет полицейлердің балалары өз ата-анасының суретін салды
Сурет байқауына 3-14 жас арасындағы балалар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінде мұндай шара алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. «Әдепті полицей» акциясы аясында ұйымдастырылған байқаудың тақырыбы құқық қорғау органдары қызметін бейнелейтін – «Менің әкем (анам) – менің мақтанышым». Байқауға 3-тен 14 жасқа дейінгі балалар қатысты. Жеңімпаздар біздің облысты ІІМ-нің республикалық финалдық байқауында таныстырады.
- Балалар өз жұмыстарында әртүрлі техниканы қолданды. Мәселен, акварель, гуашь, қарындаштар арқылы ата-аналарының кәсібін өз түсініктерімен жеткізді. Жас суретшілердің шығармашылығын бағалауды департамент басшылығы мен тәуелсіз сарапшылардан құралған қазылар алқасы жүргізді. Оған 30 түрлі жұмыс ұсынылды, - делінген хабарламада.
3-10 жасқа дейінгі жас санатында І орынға 9 жасар Кәусар Мейрам ие болды. Ол өз суретінде анасының жұмыс күндерін бейнелген. ІІ орын 8 жасар Аян Темірболатқа, ал ІІІ орын 3 жасар Даниил Голубевтің әсем суретіне берілді.
10-14 жасқа дейінгі жас санатында І орын 14 жасар Камелия Сапароваға бұйырды. Ол өз суретінде полицияның үлкен миссиясын яғни қорғау мен қамқор болуды бейнелеген. ІІ және ІІІ орындарды 11 жасар Арсен Әдиев пен Нұрлан Ермеков бөлісті.
– Үздіктерді таңдау өте қиын болды. Байқауға қатысқан әр баланың ата-анасы – оның қорғаушысы, батыры. Балалар сурет арқылы ата-анасына деген махаббатын, отбасылық мақтанышын және болашаққа деген сенімділігін шын жүрекпен жеткізе білген, – деді облыстық ДП ақпараттық саясат бөлімінің бастығы Жанар Белялова.
Байқау соңында полиция қызметкерлері барлық қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді.