Павлодарда «AMANAT» партиясы былтырғы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады
Өткен жылы сайланған жүзден астам ауыл әкімінің көбі партия мүшелері болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Партияның облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, 47 конференцияда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді.
Конференция жұмысына партияның өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова, қалалық филиалдың атқарушы хатшысы Сүлеймен Сыздықов, мәслихат депутаттары, белсенділер, бастауыш партия ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.
Сөз сөйлеу барысында Сүлеймен Сыздықов партияның 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады. Атап айтқанда, ол 2023 жылы қала бойынша сайлауалды бағдарламаның орындалуына жүргізілген талдауға сәйкес 47 іс-шараның 36-сы (77%), аудан бойынша 41 іс-шараның 31-і (75,6%) орындалғанын айтты.
–Депутаттық фракция мүшелері партияның Павлодар және Павлодар ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады, депутаттардың әрқайсысы Жол картасының белгілі бір индикаторына бекітілген. Облыс орталығында жол картасы нысандарына 16 мониторинг ұйымдастырылды, Павлодар ауданында – 29, – деп атап өтті Сүлеймен Сыздықов.
Партияның атқарушы хатшысы Айгүл Маликова соңғы уақытта іске қосылған «Қарызсыз қоғам», «Кітап аманат», партияның Әйелдер қанаты және «Ауыл аманаты» сияқты т.б жаңа партиялық жобалар мен бастамалар туралы айтып берді.
– Жалпы, 2023 жыл партия үшін маңызды жыл болды. Алғаш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтті, конференция арқылы үш кандидат ұсынылды-олардың барлығы жеңіске жетті. Өткен жылы барлығы жүзден астам ауыл әкімдері сайланды, олардың 99%-ы «AMANAT» партиясының мүшелері, – деп атап өтті Айгүл Маликова.
Конференцияда бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланатын Павлодар қалалық және аудандық мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар ұсынылды, сондай-ақ 27 ақпанға жоспарланған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының 41 кезектен тыс конференциясына делегаттар анықталды.