Павлодарда «AMANAT» партиясының есептік-сайлау конференциясы жаңа форматта өтті

Павлодарда «AMANAT» партиясының есептік-сайлау конференциясы жаңа форматта өтті

Конференцияға өңірдің 10 аудан және үш қаласының делегаттары мен партия активтері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының кезекті XLII есептік-сайлау конференциясында партияның 10 айдағы жұмысы, депутаттық фракцияның өткен кезеңдегі жұмысының нәтижелері және 2024 жылға жоспарланған партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы іс-шараларын орындау, Шарбақты , Железин және Ақтоғай аудандары әкімдерінің сайлауалды бағдарламаларын есептік кезеңде орындау қорытындылары айтылды. 

–  Алғаш рет біздің облысымыз бойынша жаңа сайлау жүйесі бойынша сайланған аудандардың әкімдері есеп берді. Басты назар әкімдердің бір жыл бұрын берген уәделерін орындағандарында болды. Сонымен қатар, дәл осы үш аудан бойынша біз Жол картасы индикаторларының орындалмауына қатысты мәселелерді көтердік. Конференция алдында төралқада саяси кеңестің бюросы болды және онда барлық мәселелер талқыланды, – деді Павлодар облысы мәслихатының хатшысы Илья Теренченко. 

Илья Теренченко өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда биыл оң шешілген мәселелер 70 пайыздан астамды құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар, қазір көптеген мәселелер кеңеске жіберілуде. «AMANAT» партиясының жобаларын іске асыру шеңберінде негізгі назар нақты индикаторларға бөлінген. Яғни, бүгінде халық ресми сұрақ-жауапты қаламайды. 

«AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярова облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардың 189 депутатының 148-і «AMANAT» партиясының мүшелері, оның ішінде 138-і бір мандатты жүйе бойынша сайланғанын атап өтті.

– Жалпы облыс бойынша 13 депутаттық фракция жұмысын атқарады. 2024 жылы облыс бойынша 52 фракция отырысы өтіп, 135 құрылыс және күрделі жөндеу объектілеріне шығу ұйымдастырылған. 34 нысан бақылауға алынды, барлығына партиялық бақылау бекеттері орнатылды, – деді Айнұр Мұхамедиярова. 

Айта кетейік, партияның облыстық филиалы жанынан барлығы тоғыз аймақтық кеңес жұмыс істейді.