Павлодар облысының 10 ауылы интернет пен байланыстың игілігін көре алмай отыр

Павлодар облысының 10 ауылы интернет пен байланыстың игілігін көре алмай отыр
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байланыс операторлары халық саны 250-ге жетпейтін елді мекендерде желі орнатудан бас тартып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өңірде 352 елді мекеннің 342-сі ұялы байланыспен қамтамасыз етілген. 2019-2024 жылдар аралығында ұялы байланысқа қолжетімділік 91,5%-дан 97,1%-ға дейін өсті. Десек те, бүгінгі таңда 10 ауылда байланыс мүлдем жоқ: Екібастұз қаласының Ақши, Қаражар, Көксиыр, Мыңтамыр ауылдары, Ақтоғай ауданының Балтасап, Қарасу, Қарабұзау ауылдары, Баянауыл ауданының Біржанкөл ауылы, Аққулы ауданының Шоқтал, Ертіс ауданының Қызылқақ ауылы. Бұл туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин мәлім етті.

– Тұрғындардан түсіп жатқан шағымдар көп. Бізде «Қолжетімді интернет» деген ұлттық жоба бар. Оған сәйкес кез келген елді мекендерге байланыс операторы кіру үшін ондағы халықтың тұрақты саны 250-ден кем болмау керек. Өкінішке орай мүлдем байланысы жоқ 10 ауылда халықтың саны 35-тен 100-ге дейін ғана. Сондықтан көптеген байланыс операторлары осыны сылтауратып, қондырғыларды қойғысы келмейді,– деді Ағыбай Әмірин.

Басқармасының басшысының ойынша, Ұлттық жоба бойынша шектеулер алдағы екі жылдың ішінде төмендетілсе, кіші ауылдарда интернет пен ұялы байланысты орнату үшін байланыс операторларды міндеттеуге болады. Әзірге, бұл мүмкін емес.