Павлодарда «Ана үйі» шарасыз күйде қалған аналарға жәрдем беріп келеді

Орталық жетімдер үйіне түсетін бала санын азайтуға атсалысып жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаладағы «Ана үйі» жас аналарға материалдық көмек, әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсетеді. Әйелдер өз балаларымен орталықта бала 1-1,5 жасқа толғанға дейін, қордың толық қамсыздандыруында болады.
«Ана үйі» қолында жаңа туған нәрестемен қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға, сондай-ақ баласынан бас тарту қаупі бар отбасыларға көмек көрсетіп келеді.
– Біз мемлекеттік органға қарамаймыз. Бұл жеке қайырымдылық ұйым. орталық демеушілер мен меценаттардың қолдауымен жұмыс істейді, – дейді орталықтың үйлестірушісі Салтанат Сипатилова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда орталықта сегіз ана баласымен тұрып жатыр. Аналар тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашып немесе отбасында қолдаусыз қалғандықтан орталыққа көмекке жүгінеді. Кейбіреуі әлеуметтік жағдайының ауырлығына байланысты көмектен үміт етеді. Ал орталық оларға баласымен бірге өмірді жаңадан бастауға мүмкіндік береді
– Біз қиын жағдайға тап болған аналарға уақытша баспана ұсынамыз. Сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеміз. Мақсатымыз – ананың баласымен бірге қалуына көмектесу, қиын сәтте қолдау көрсету, – деді ол.
Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында орталықтың мамандары ҚР барлық оқу орындарында, медициналық мекемелерінде жылда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.