Павлодарда аптап ыстықта есінен танып қалғандар саны артты
Оларға дәрігерлердің көмегі қажет болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Соңғы төрт күндегі ыстық ауа райына байланысты Павлодарда жедел жәрдем шақыртулар саны 700-ден асты. Екі күнде 30-дан астам тұрғын аптап ыстықта есінен танып қалған.
– Созылмалы аурулары бар, қан айналымы жүйесі ауруларымен, яғни артериялық гипертензиямен, жүректің ишемиялық ауруымен, бронх демікпесімен ауыратын науқастардың жағдайы нашарлауда, – деді облыстық «103» станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.
Ыстықтың кесірінен адамдар салқын су ішеді, балмұздақ жейді. Ал, салқын сусынды қабылдау әр адамда әртүрлі болғандықтан, температурасы көтеріліп, қоңырау шалғандар саны да көбейді.
– Шұғыл қажеттілік туындамаса, ашық жерлерде, күн сәулесінің астында тұрмауға, өзіңіздің және балалардың басын жабуға, көлеңкелі жақпен жүруге, әрқашан қасыңызда салқын су ұстауға кеңес береміз. Шөлді қандырмайтын, керісінше қандағы қанттың жоғарылауына әкелетін қанты бар сусындар емес, кәдімгі суды пайдалану керек екенін атап өткім келеді, – деп атап өтті Ирина Мищенко.
Оның айтуынша, жазғы демалыс кезінде балаларға ерекше көңіл бөліп, қараусыз қалдырмау керек. Олар күннен қашып, су қоймаларына барады, субұрқақтарда шомыла бастайды. Сондай-ақ терезелері толық ашық пәтерлерде әсіресе кішкентай балаларды бақылау керек.
Көшеде жаяу серуендеу үшін дәрігерлер күннің бірінші жартысын, сондай-ақ күн сәулесі белсенділігін жоғалтқан кешкі сағат 5-тен кейінгі уақытты таңдауды ұсынады.
Еске салайық, Павлодар облысында ауа температурасы көпжылдық максимумнан асып түсті. Облыс бойынша күндіз ауа температурасы 36-39 градусқа дейін көтеріледі.
Фото: ашық дереккөздерден