Павлодарда арнаулы әлеуметтік қызметтер айқын болмақ

Павлодарда арнаулы әлеуметтік қызметтер айқын болмақ
Фото: pixabay.com

Ол үшін цифрлық платформа енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Socium» цифрлық платформасын енгізумен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласына қызмет берушілерді лицензиялау, жан басына қаржыландыру және субъектілердің қызметін цифрландыру сияқты өзгерістер әсер етеді. Бұл туралы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлімдеді.

Бұл жаңалық халықты әлеуметтік қорғауды жақсарту, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

– Біз 2021 жылы толығымен онлайн порталға көштік. Бірінші жылы портал жұмысына, тауардың сапасына, жеткізу порталының жұмысына қатысты шағымдар көп болды. Бірақ енді портал барлық ескертулерді ескере отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін толығымен шешетін болады, – деді басшы.

Спикердің айтуынша, платформа әрбір қызмет алушы үшін жеке жұмыс жоспарын құруға көмектеседі, онда ол қызметкерден қандай қызмет алғанын, қай уақытта, қандай тауар алғанын белгілей алады. Цифрлық жүйе мұны жинақтап тұрады.

– Әрбір қызметтің өзіндік құны бар. Сондықтан осы жүйенің арқасында біз бұл үшін қажетті қаражатты бөлу мақсатында қандай қызмет көрсетілетінін, қандай құрал-жабдықтар қажет екенін көретін боламыз, – деді Альмира Дисюпова. – Келесі жылдан бастап қызмет көрсетуші өз мақсатына пайдалана алатын артық ақшаны есептемеу үшін бір адамға қанша ақша қажет екенін нақты көретін боламыз. Енді біз әлеуметтік қызметтерді көрсету бюджетін дұрыс және мақсатты түрде жоспарлайтын боламыз. Сондай-ақ, әрбір әлеуметтік қызметкер мен оның жұмысын, қызметтер мен тауарлардың құнын нақты көре аламыз.

Сонымен қатар, барлық әлеуметтік мекемелер лицензияланатын болады. Бұрын әлеуметтік мекеме өзі өтініш берсе, енді қызмет алушы қызметкер мен мекемені өзі таңдайтын болады. Ал ведомство олардан санитарлық нормаларды немесе өрт қауіпсіздігін сияқты ережелерді сақтауды талап ете алады.

Облыстың әлеуметтік қорғау саласында 12 медициналық-әлеуметтік мекеме, оның ішінде алты стационарлық орталық, үш жартылай стационарлық орталық және үш уақытша тұру орталығы жұмыс істейді.

Мемлекеттік және жеке орталықтар меншік нысанына қарамастан лицензияланатын болады.