Павлодарда асфальтбетонды қазып, жаппай кеткен кәсіпорындар айыппұл арқалайды

Павлодарда  асфальтбетонды қазып, жаппай кеткен  кәсіпорындар айыппұл арқалайды

Облыс орталығында осындай 5 орын анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәлімдеуінше, 2 қараша күні Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына асфальтбетон жабындысын қалпына келтіру шараларын қолданбаған коммуналдық кәсіпорындарға әкімшілік шара қолдану туралы хат жолданды.

Олар- Железнодорожная көшесі, 5, Я.Геринг - Якутская көшесі, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 325/3, 270 және Естай көшесі, 39 мекенжайында анықталған.

Аталған іспен облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы танысып жатқанын хабарлады.

- Заңды тұлға 20-дан 100 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді. Ал жеке тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады,- делінген хабарламада.

Егер фактілер расталса, онда қолданыстағы заңнаманы бұзған адамдарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 309-бабына сәйкес әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданатын болады.

Айта кетелік, аулаларды, көшелер мен алаңдарды тиісті рұқсатсыз қазу, оларды құрылыс материалдарымен үйіп тастау, қазба орындарын, сондай-ақ құрылыс және жөндеу аяқталғаннан кейін құрылыс алаңдарын ретке келтіру шараларын қолданбауға қатысты жеке тұлғаларға 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 15, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген.