Павлодарда маңғыстаулық сәнгерлер мен зергерлердің бұйымдарынан көрсетілім ұйымдастырылды

Павлодарда маңғыстаулық сәнгерлер мен зергерлердің бұйымдарынан көрсетілім ұйымдастырылды
Фото: автор

Сондай-ақ, іс-шарада қылқалам суретшілерінің көрме-жәрмеңкесі ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс» музейінде Маңғыстау облысы әкімінің қолдауымен, Маңғыстау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 31 қазан мен 1 қараша күндері Маңғыстау өңірінің суретшілері мен қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті.  

Аталмыш іс-шара креативті индустрияны дамытуға бағытталған.

– Биылғы жылдың жоспарына сәйкес маңғыстаулық жергілікті қолөнершілер мен қылқалам шеберлерін, зергерлерді республикалық көлемде облыстарға алып келу көзделген. Жоспарымыз іске асып, алғашқы сапарымыз Өскемен қаласында басталды. Бүгін Павлодар қаласына келдік. Сапар креативті индустрия арқылы жергілікті қолөнершілердің, зергерлердің, қылқалам шеберлерінің жұмыстарын қастерлеу. Өзге өңірлерге өңіріміздің қолөнерін ұсыну, – дейді Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени-демалыс қызметі орталығының директоры Ақмарал Зеилова.

Сондай-ақ, жергілікті эксклюзивті брендтерді республика көлемінде таныстыру және көрме-жәрмеңкеге келу арқылы қала тұрғындарына қалтасы көтеретін бағада барлық бұйымдарды сату, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. 

– Біз Павлодар облысында алғаш рет 2016 жылы 300-ге жуық өнерпазбен келіп, мәдениет және өнер күндерін өткіздік. Осы жолғы екінші сапар шағын түрде өтуде. Екі облыстың өнер және мәдени байланысы мықты, – дейді директор.

Көрме-жәрмеңкеге 30-дан астам суретшілер, зергерлер  мен қолөнершілердің, оның ішінде елімізге танымал «Тарбия» сән үйінің, «Жаннур жадағай» және «ALINUR kids» балалар жадағайы брендінің бұйымдары, қылқалам шеберлерінің картиналары,  күміс бұйымдар шебері, зергер Қайрат Қуандықов пен Төребай Дамирдың туындылары қойылды. 

– Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Маңғыстау облысының ерекшелігі – түйе жүндерді эксклюзивті, тиімді әрі креативті түрде пайдаланып, күнделікті киюге киім тігу, – дейді спикер.

Оның айтуынша, барлық жабағайлар мен жадағайлар, киімдер, шапандар түйе жүнінен жасалған. Көрмеде зергерлердің де жұмыстары да бар.

Көрме-жәрмеңке он саусағынан өнер тамған, бесаспап шеберлерді, олардың қолынан шыққан бұйымдарды және қылқалам шеберлерінің туындыларын көпшілікке ұсыну арқылы ұлттық дәстүрлі бейнелейді. Осылайша қолөнерді дамыту мен жандандыруды ұрпақ санасына сіңіріп, аталған жанрларды баулуды қолға алу, жаңғыртуға, жалғастыруға шақыру,әлеуетті сатып алушылардың назарын аудару және жергілікті суретшілермен қолөнершілердің сатылымын арттыру, креативті индустриядағы жергілікті кәсіпкерлердің ірі халықаралық шығармашылық конкурстарға, жәрмеңкелерге, көрмелерге көптеп қатыстыру арқылы, жергілікті брендтерді халықаралық аренаға танымдылығын арттыру болып табылады.

Сонымен қатар, музей қонақтарына Маңғыстау облысы, Ақтау қаласынан алып келген дәм ұсынылды. Олар: түйенің шұбаты, сүттен жасалған балқаймақ, түйенің шұбатынан қайнатып жасалған құрт.

Айта кетейік, шараның барысында «Отпан» халықтық фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.