Павлодарда ауыл мектептері мәселелері талқыланды

Павлодарда ауыл мектептері мәселелері талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Халықаралық конференцияда білім сапасын арттыру мен цифрлық технологияларды енгізу жолдары қарастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

26 ақпан күні өңір орталығында «Ауыл мектебінің қазіргі жағдайы: ізденістер, мәселелері мен шешу жолдары» тақырыбындағы жыл сайынғы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы облыстық білім беру басқармасының Білім беруді дамытудың инновациялық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

– Конференцияның мақсаты – жаһандық цифрландыру жағдайында ауыл мектептерін дамытудың тиімді стратегияларын әзірлеу және ғылыми-тәжірибелік диалогқа арналған бірыңғай кәсіби алаң қалыптастыру, – деді ұйымдастырушылар.

Жиынға ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілдері, академия қызметкерлері, сондай-ақ Түркия, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Түрікменстаннан келген ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Сонымен қатар облыстық және аудандық білім беру ұйымдарының басшылары, әдіскерлер мен педагог-практиктер де пікір алмасуға атсалысты.

Жеті тақырыптық алаң аясында ауыл мектептерінде білім сапасын арттыру, цифрлық технологияларды енгізу және білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Спикерлер шағын жинақты мектептердегі озық педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату бағытындағы инновациялық тәсілдерге тоқталды.

Конференция қорытындысында ауыл мектептерінің дамуына қатысты басым бағыттар айқындалып, ауылдық жерлерде заманауи оқыту стандарттарын енгізуге арналған бірлескен ұсынымдар әзірленді.