Павлодарда азаматтарды жалған тіркеуге қойғандар жазаланды
Тіркеу мекенжайында тұрмайтын 100-ге жуық адам тіркеуден шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл облыс аумағында жүргізілген «Резеңке пәтер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды.
- Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктердің тұрғылықты жері мен нақты тұратын мекенжайы бойынша тіркеу саласындағы заңнаманың сақталуын тексеру мақсатында өңірде «Резеңке пәтер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында барлығы 313 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз жүргені үшін 275 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.
Рейд барысында құқық қорғау органдары жалған тіркеудің 37 фактісінің жолын кесті. Нақты тұрмайтын тұлғаларды өз тұрғын үйіне тіркеуге жол берген баспана иелері жауапқа тартылды. Тіркеу мекенжайында іс жүзінде тұрмайтын 96 адам тіркеуден шығарылды. Олардың 19-ы - шетел азаматы болды. Сондай-ақ онлайн-платформаларда ақылы негізде тіркеуге қою туралы хабарландыру жариялаған екі дерек анықталып, жолы кесілді.
Бұдан бөлек, облыстың көші-қон қызметі бөлімшелері қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесіп, бір мекенжай бойынша көптеген азамат тіркелген пәтерлерді тексеру жұмыстарын жүргізді. Бір мекенжайға 15 және одан да көп адамды тіркегені үшін 8 тұрғын үй иесі жауапкершілікке тартылған.