Павлодарда «Бір ауыл – бір өнім» байқауына өтінімдер қабылдануда

Жобаға жергілікті шикізаттан жасалған, өңірлік ерекшелігі бар өнімдер ұсынылуы тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» көрме-байқауына қатысу үшін жергілікті бизнес өкілдерінен өтінімдер қабылдауды бастады. Байқауға Ертіс өңірінің тауар өндірушілері қатыса алады.
Жобаға қатысу үшін өнім бірқатар міндетті талаптарға сай болуы тиіс: тауар жергілікті шикізаттан жасалуы, өндіріс процесі күрделі құрал-жабдықтарды қажет етпеуі, өңірлік ерекшелікті көрсетуі, құрамында зиянды заттар болмауы және сақтау мерзімі бес күннен аспайтын өнім болмауы қажет.
– Бұл байқау жергілікті тауар өндірушілерді анықтап, сапаға сай жаңа брендтерді таныстыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірлік бизнестің дамуына серпін береді, – деді «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Өтінімдер Луговая көшесі, 16, 319-кабинетте жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты 8 (7182) 66-03-11 (ішкі 5553) телефоны арқылы алуға болады.