Павлодарда бір тәулікте бес жүзден астам құқық бұзушылық анықталды

Павлодарда бір тәулікте бес жүзден астам құқық бұзушылық анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сонымен қатар тоғыз қылмыс ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері тоғыз қылмысты ашып, іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады. 

Қоғамдық және жол қауіпсіздігі саласында 518 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша – 12 дерек, ұсақ бұзақылық – 19, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру немесе ішімдік ішу – 95, қоғамдық орындарда тиісудің 142 дерегі тіркелді. Сондай-ақ, қарсы жолаққа шығу бойынша – төрт дерек, жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 37 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, мас күйінде көлік жүргізгені үшін 85 жүргізуші анықталды, – деп хабарлады қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.

Ведомствода атап өткендей, «Заң мен тәртіп» қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізі болып қала береді. Ол азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді.