Павлодарда бағдаршамның қызылына өткен 2000-ға жуық жүргізуші жауапқа тартылды
Тәртіп сақшылары жол ережесіне бағынбайтындарға жаза қатаң екенін ескертеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірде жыл басынан бері бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өту бойынша 1741 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бағдаршамның қызыл түсіне өту – жол қозғалысы ережесін бұзудың қауіпті түрлерінің бірі. Мұндай әрекет жол-көлік оқиғаларына себеп болып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Соған қарамастан кейбір жүргізушілер бағдаршамның тыйым салынған белгісіне мән бермей, «тез өтіп кетемін» деген оймен жол ережесін бұзады.
Мәселен, Павлодар қаласында Катаев – Естай көшелерінің қиылысында Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен.
Осыған ұқсас жағдай Катаев – Толстой көшелерінің қиылысында да тіркелді. Nissan автокөлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан қозғалысын жалғастырған.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл түрінде жаза қолданылды.
— Әрбір құқық бұзушылықтың соңы қайғылы жағдайға ұласуы ықтимал. Біздің шараларымыз тек заң бұзушыларды анықтауға емес, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Жол қозғалысы ережелері жай ғана формалдылық емес, бұл – сіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің нақты кепілі. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелері мен көлік тәртібін қатаң сақтауға шақырады, — деп атап өтті ведомство өкілдері.
Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтау – барлық жүргізуші мен жаяу жүргіншінің міндеті екенін еске салады. Мамандардың айтуынша, жолдағы кез келген құқық бұзушылық қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.