Павлодарда балалар өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін үйренді
Бүлдіршіндер қауіпсіздік талаптарын ойын арқылы меңгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы №6 мектепке дейінгі гимназияда «Қауіпсіз балалық шақ» акциясы ұйымдастырылды. Ол республика көлемінде өтіп жатқан өрт қауіпсіздігінің онкүндігіне орайластырылған. Балалар құтқарушылармен жүздесіп, төтенше жағдай туындағанда қандай қадам жасау керектігін білді.
Кездесуге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, білім беру басқармасының өкілдері мен педагогтер қатысты. Мамандар бүлдіршіндерге өрт сөндірушілердің арнайы киімі мен жұмыс құралдарын таныстырды. Тәрбиеленушілер құтқару қызметінің жұмысымен жақынырақ танысып, тілсіз жаумен күресте пайдаланылатын жабдықтарды өз қолдарымен ұстап көрді.

Танымдық шараға мектепке дейінгі екі топтан 40 бала жиналды. Бес жастағы тәрбиеленушілер өрт қауіпсіздігіне арналған ойындар мен эстафеталарға қатысып, ғимараттан эвакуациялану тәртібін пысықтады.
Ұйымдастырушылар қауіпсіздік талаптарын құр сөзбен түсіндіріп қана қоймай, оларды тәжірибе жүзінде көрсетті. Департамент мамандары балалармен «Иә немесе жоқ» атты танымдық ойын өткізді. Ал дене шынықтыру нұсқаушысы шапшаңдық пен төтенше жағдайдағы дұрыс әрекетке бағытталған эстафета ұйымдастырды. Бағдарлама соңында бүлдіршіндер домбыра әуенімен би билеп, қонақтарға өнерлерін паш етті.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Қайрат Шаймарденовтің мәліметінше, республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі 21 қарашада басталған. Осы кезеңде білім беру мекемелерінде, сауда орталықтарында, тұрғын үйлерде және әлеуметтік осал топтар арасында алдын алу жұмыстары жүргізіледі.
– Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрт кезінде не істеу керектігін кішкентайынан үйрету қажет. Олар отпен ойнауға болмайтынын, сіріңке мен басқа да қауіпті заттарды қолданбау керектігін білуі тиіс. Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет, – деді Қайрат Шаймарденов.
Онкүндік шеңберінде құтқарушылар халыққа тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді. Бұдан бөлек, ардагерлер мен әлеуметтік осал топтардың үйлеріне барып, пештер мен мұржалардың жай-күйін тексеруге жәрдемдеседі. Қажет болған жағдайда көміртегі тотығы датчиктерін орнатып, пеш алдына қорғаныш төсемдерін қоюға көмектеседі.

Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Ермекова бүлдіршіндерге қауіпсіздік қағидаларын ерте жастан үйретудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, онкүндік аясында өңірде түрлі профилактикалық шаралар өткізіліп, балалардың төтенше жағдай кезіндегі сауаттылығын арттыруға басымдық беріледі.
Айта кетейік, Павлодар облысында жылыту маусымы басталғалы тұрғын үйлерде 29 өрт оқиғасы тіркелген. Мамандар қыс мезгілінде пешті қараусыз қалдырмауға, балаларды үйде жалғыз қалдырмауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
