Павлодар облысында қараусыз жүрген малдың иелері жауапқа тартылды
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қараусыз мал жаюға жол бермеу бойынша тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, малды қараусыз жіберудің қауіпті екенін ескертеді. Сонымен қатар, қараусыз жүрген мал арнайы қораларға қамалады. Алайда ауыл шаруашылығы жануарларын жаю талаптарын сақтамайтын мал иелері де бар.
Мәселен, 6 қыркүйекте түнгі сағат 02:00 шамасында Аққулы – Бесқарағай автожолында қараусыз жүрген жылқылар анықталды. Осындай жағдайлар Қалқаман – Керней және Атамекен – Русская Поляна автожолдарында да тіркелген. Мал иелерінің барлығы жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері облыста осындай құқық бұзушылық жасаған 1605 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ьәртіп сақшылары тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға, малды тиісті деңгейде бақылауда ұстауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.