Павлодарда еліміздің төрт өңірінің журналистері жарысқа жиналды

Павлодарда еліміздің төрт өңірінің журналистері жарысқа жиналды
Фото: автор

Қатысушылар төрт спорт түрі бойынша бақ сынауда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда мәдениет және ақпарат саласы қызметкерлері арасындағы ІІ Спартакиаданың өңірлік іріктеу кезеңі басталды. Биылғы додаға еліміздің бірнеше аймағынан БАҚ өкілдері мен мәдениет саласының қызметкерлері жиналды. Қатысушылар төрт спорт түрі бойынша бақ сынауда: тоғызқұмалақ, шахмат, армрестлинг және үстел теннисі. Үстел теннисі ерлер мен әйелдер арасында өтсе, армрестлинг бойынша тек ерлер сынға түседі.

Жарыстың ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілі Олег Кольев қатысушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушылар тарапынан барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бәсекеде үздіктер анықталып, республикалық кезеңге жолдама алады.

Қазақстан Журналистер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбаев спорттың журналистер өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Ол БАҚ өкілдері тек ақпарат таратумен ғана емес, бұқаралық спортты дамытуға да үлес қосып жүргенін айтты. Сонымен қатар, өңір командалары Алматы мен Астана қатысушыларына лайықты бәсекелес бола алатынына сенім білдірді.

«Qyzyljar»  телеарнасының директоры әрі команда капитаны Разия Ыдырысбаева өз командаларының негізгі үміті армрестлинг пен қазақша күреске артылатынын жеткізді. Алайда шахматшылары «Senat Open» турниріне қатысып жатқандықтан, бұл жолы спартакиадаға келе алмағанын айтты. Еске салсақ, өткен жылы олардың командасы шахматтан бірінші орын алған болатын.

Ал «Qostanai» телеарнасының редакторы Жанар Ержанова тоғызқұмалақты мектептен бері ойнайтынын айтып, мұндай ірі жарысқа алғаш рет қатысып отырғанын жеткізді. Ол Павлодар қаласының ерекше ұнағанын, қатысушылардың Ертіс жағалауында болып үлгергенін де атап өтті.

Өңірлік кезең қорытындысы бойынша үздік шыққан жеті спортшы (армрестлингтен тек ерлер – автор түсіндірмесі) Астанада өтетін республикалық Спартакиадада өз аймақтарының намысын қорғайды. Айта кетейік, мәдениет және ақпарат саласы қызметкерлеріне арналған бұл Спартакиада елімізде екінші рет ұйымдастырылып отыр.