«Ертіс орманына» жаңа өрт көліктері келді

«Ертіс орманына» жаңа өрт көліктері келді
Фото: gov.kz

Олар орман жағдайына бейімделіп, қауіпсіздік пен тиімділік талаптарына сай жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда 2023 жылдан бастап мемлекеттік орман иелерінің материалдық-техникалық базасын жүйелі жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл – соңғы көптеген жылда алғаш рет жүзеге асырылып отырған ауқымды шара.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2011–2023 жылдар аралығында орман және табиғатты қорғау мекемелерінің өртке қарсы техникасы іс жүзінде жаңартылмаған болатын. Осы олқылықты жою мақсатында 2023–2024 жылдары 1078 бірлік техника және 1787 бірлік қосымша өртке қарсы жабдық сатып алынды. Оның ішінде: 118 өрт сөндіру автоцистернасы, 242 кіші орман патрульдік өрт кешені (КОПК), 516 трактор мен жүк көлігі, 202 патрульдік автокөлік және 1787 басқа да жабдықтар бар.

– Ағымдағы жылы лизингтік қаржыландыру аясында отандық өндірістегі өрт техникасын жеткізу көзделген. Барлығы 333 өрт көлігі, 380 КОПК және 339 трактор жеткізіледі. Қабылданған шаралар орман және табиғатты қорғау мекемелерін елдің ең өрт қаупі жоғары өңірлерінде өртке қарсы техникамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз орталығы.

2025 жылдың басынан бері барлығы 256 бірлік техника жеткізілді, оның ішінде 136 КОПК, 60 трактор және 64 HOWO мен КамАЗ маркалы өрт машиналары (8 – «Науырзым», 8 – «Қарқаралы», 4 – «Ырғыз-Торғай», 34 – «Ертіс орманы» және 10 – «Семей орманы» резерваттары).

2025 жылғы 17 қазанда экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Ертіс орманы» және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарына кезекті 44 өртке қарсы техниканы салтанатты түрде табыстады.

Жыл қорытындысымен барлығы 692 бірлік техника жеткізіледі деп жоспарланған.

– Жаңа өрт сөндіру көліктері орман шаруашылығы мамандарының қатысуымен және орман өрттерін сөндіру тәжірибесін талдау негізінде жасалған. Олар орманды жерлерде жұмыс істеу жағдайларына бейімделген және қауіпсіздік пен тиімділікке қойылатын заманауи талаптарға толық сай келеді, – делінген хабарламада.

Министрлікте атап өткендей, өрт сөндіру кезінде дөңгелектердің қатты қызып кету қаупін ескере отырып, жаңа модельдерге кабинаны өздігінен сөндіру жүйесі мен дөңгелек доғаларын қорғау жүйесі орнатылған. Техниканың негізгі функционалды артықшылықтарының бірі – қозғалыс барысында өртті сөндіру мүмкіндігі, бұл өрт ошақтарын оқшаулау жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді. Құрылымында судың тұрақты берілуін қамтамасыз ететін жоғары техникалық сипаттамалары бар су сорғысы орнатылған. Су резервуарының көлемі – үш тонна, бұл орман жолақтарында және қолжетімсіз аумақтарда жүру кезінде өтімділік пен маневрлікті қамтамасыз етеді.