Павлодарда мәнерлеп сырғанаушылардың тартысты бәсекесі өтеді
Жарысқа еліміздің 8 өңірінің спортшылары қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
27 наурыз күні облыс орталығында «SpringIce» республикалық турнирі басталады деп күтілуде. Турнирдің мақсаты – тәжірибе алмасу, сондай-ақ мәнерлеп сырғанаумен айналысуға назар аударту.
Шара Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мұрындық болуымен «Павлодар облысының мәнерлеп сырғанау федерациясы» қоғамдық балалар-жасөспірімдер бірлестігі және дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынуда.
Жарысқа Қазақстан Республикасының сегіз өңірінен өкілдер қатысады. Спортшылар ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау бағдарламалары бойынша өнер көрсетеді.
Сайыс 3 күнге жалғасады. Павлодарлықтар 27-29 наурыз күндері Қайырбаев көшесі, 87 мекенжайындағы «Астана» мұз сарайында өтетін тартысты доданың куәгері бола алады.