Павлодарда бейнебақылау камералары арқылы қанша қылмыстың басы ашылды
Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен 24 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ЖБО-ның негізгі міндеттері – қылмыстар мен оқиғалар туралы хабарламалар мен өтініштерді қабылдау, полиция күштерінің жедел әрекет етуін қамтамасыз ету және олардың оқиға орнына уақытылы жетуін бақылау.
Бейнебақылау камералары түрлі құқық бұзушылықтарды тіркейді, алайда олардың басым бөлігі әкімшілік сипатқа ие. Қоғамдық орындарды ластау, ұсақ бұзақылық секілді әрекеттер инспекторлардың назарынан тыс қалмай, ақпарат жедел түрде патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне жеткізіледі.
– 2025 жылдың қорытындысы бойынша жедел басқару орталығында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 196 қылмыс ашылды. Сонымен қатар 24 729 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 2 094 – ұсақ бұзақылық, 2 871 – қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, 16 758 – жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі, – деді ПД ЖБО бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденов.
Азаматтардан жиі түсетін шағымдар отбасылық жанжалдар, сағат 22:00-ден кейінгі тыныштықты бұзу, сондай-ақ аула аумақтарында автокөліктерді заңсыз қою мәселелеріне қатысты.
Полиция ескертеді: егер сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалса, дереу «102» нөміріне хабарласыңыз. Көмек уақтылы көрсетіледі. Полицияға неғұрлым тез хабар берсеңіз, қылмысты «ізін суытпай» ашу және ұрланған мүлікті қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.