Павлодарда бизнес-әлемнің ірі спикерлері бас қосады

Павлодарда бизнес-әлемнің ірі спикерлері бас қосады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Негізгі спикерлер қатарында Ресей, Германия, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары мен компанияларының өкілдері бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

5 желтоқсан күні Достық үйінде өңіраралық және халықаралық ынтымақтастық бизнес-форумы өтеді. Бұл іс-шара Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткелі отыр.

Форумның негізгі мақсаты – халықаралық және өңірлік әріптестікті нығайту, инвестиция тарту және кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу. Қатысуға тіркелу сағат 9.15-те басталады, ал форумның өзі сағат 10.00-де басталады. Қатысу үшін сілтеме арқылы тіркелу керек.

– Іс-шара бағдарламасында Павлодар облысының, Қазақстанның басқа өңірлерінің, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің кәсіпкерлері, инвесторлары және бизнес-сарапшылары қатысатын панельдік пікірталас жоспарланған. Сонымен қатар, бірлескен өңіраралық жобалар мен ынтымақтастық бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу, фотосессия, бейресми қарым-қатынас, нетворкинг, байланыс алмасу, бірлескен идеялар мен жобаларды талқылау қарастырылған, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Форумға қатысатын бірқатар танымал спикерлер өздерінің келетіндерін растады. Олардың арасында Ресейден «Омбы облысының сауда-өнеркәсіп палатасы» Одағының президенті Ольга Федулова, Германияның Нордвальд қаласынан «Eimermacher Gruppe» компаниясының басқарушы директоры Гвидо Веншотт, Өзбекстанның Ташкент қаласынан «Saids» компаниясының директоры Сайдқамол Мухитдинов және Түрікменстанның Ашхабад қаласынан «Degirmen Group» компаниясының директоры Байрам Аманмурадов бар. 

Сондай-ақ, Астанадан өндіріс иесі Нұрсұлтан Ермаханов, Атырау қаласынан «Интаго» компаниясының директоры Азамат Асылбеков, Оралдан қаржы құралдары мен инвестициялық мүмкіндіктер жөніндегі сарапшы Венера Мұратқалиева, Тараз қаласынан өсімдік шаруашылығы технологиялары саласындағы ғылым докторы Егембердиев Дәулет, «Атамекен» аймақтық палатасының Павлодар аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Әділет Резуанов және аймақтық кәсіпкерлер палатасы Павлодар аудандық филиалының директоры Айдос Шайхислам қатысады.