Павлодарда бизнестің өзекті мәселелерін талқылады

Павлодарда бизнестің өзекті мәселелерін талқылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесуге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өкілі Мәди Сыздықов пен ӨКП өкілдері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл хатшылығының меңгерушісі Йылмаз Сафарауль бейнеконференция-байланыс режимінде өткізді. Кеңес жұмысына еліміздің барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер, сондай-ақ өңір кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау бөлімі қосылды.

– Біз бүгін орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешілуі тиіс бірқатар проблемалық, оның ішінде жүйелі мәселелерді қарастырдық. Сондай-ақ, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары туралы да сөз болды, – деді Мәди Сыздықов.

Алдағы наурыз айында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ұйымдастыратын инвесторларды қорғау жөніндегі іс-шараға онлайн-режимде қатысу жоспарланып отыр.

– Біз үшін бизнесті қорғау – басты міндеттердің бірі. Жалпы, кәсіпкерлерді қолдауға мемлекеттік және құқық қорғау органдары, соның ішінде облыс прокуратурасы үлкен қолдау көрсетіп келеді, – деді Омбудсменнің өкілі, ӨКП директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Мәди Сыздықов.

Мысал ретінде ол алаңда инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-офис жұмыс істейтінін атап өтті.