Павлодарда бірнеше автобустың қозғалыс бағыты уақытша өзгереді

Павлодарда бірнеше автобустың қозғалыс бағыты уақытша өзгереді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты Академик Сәтбаев пен Ломов көшелерінің қиылысы жабылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, шектеулер 1 мамыр мен 3 мамыр аралығында күшінде болады.

Осыған орай, №1Э, 3, 10, 11, 31 және 66А автобус маршруттарының қозғалыс сызбасына уақытша өзгерістер енгізілді. Қоғамдық көліктер жөндеу жүріп жатқан учаскені көршілес көшелермен айналып өтеді.

№3 автобус Академик Сәтбаев көшесімен жүргенде Ломов, Бөкейхан және Астана көшелері арқылы қатынайды. Ал №66А бағыты Академик Сәтбаевтан Ломов, Мәшһүр Жүсіп және Академик Шөкин көшелеріне бұрылып, өз жолын жалғастырады. Бұл өзгерістер кері бағытта да сақталады.

№1Э, 10, 11 және 31 бағыттары Мәшһүр Жүсіп көшесімен жүрген кезде Академик Шөкин мен Академик Сәтбаев көшелері арқылы айналып өтетін болады.

Қалалық әкімдік тұрғындар мен қонақтардан жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауды және уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң көлік қозғалысы қайта қалпына келтіріледі.