Павлодарда бірінші сынып оқушылары білімдерін саралады
«Әліппе – ғылым бастауы» зияткерлік олимпиадасы Б.Момышұлы атындағы мектепте өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, олимпиаданы ұйымдастырған – «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығы. Мақсаты – балалардың ойлау дағдылары мен ауызекі сөйлеуді дамыту, мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастыру және сөздік қорын молайту. Білім додасына қаланың 37 жалпы білім беретін мектебінен бірінші сыныптың 114 оқушысы қатысты. Жарыс қазақ тілінде үш бағытта өтті: «Мақал – сөздің мәйегі» мақал-мәтелдерді жатқа білу және түсіндіру, «Зерек оқушы» логикалық тапсырмаларды орындау, «Өлең – сөздің патшасы» оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес өлеңдерді мәнерлеп оқу.
– Оқушылар отбасы, табиғат және табиғат құбылыс тақырыптарында мақал-мәтелдерді «Отан – оттан да ыстық», «Қыстағы қар – жерге ырыс, Жердегі ылғал – елге ырыс», «Өз үйім – өлең төсегім», «Ата-ана», «Табиғат», «Туған жер» тақпақтарын жатқа орындады, – дейді білім беру бөлімінде.
Байқау қорытындысы бойынша 68 жүлдегер анықталды: І орын – 14, ІІ орын – 24, ІІІ орын – 30.