Павлодар облысында күйеу баласын өлтірген зейнеткер сотталды
Қайтыс болған ер адамға екі рет оқ атылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Аталған іс ҚК 99-бабының 1-бөлігі және 200-бабының 1-бөлігі бойынша Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Іс материалы бойынша өткен жылы қазанда Сәтбаев көшесіндегі үйдің қасында 68 жастағы ер адам өзінің күйеу баласын қасақана өлтіру мақсатында атыс қаруынан кеудесіне бір рет оқ атқан.
Қайын атасы жараланған күйеу баласының жерде әлі тірі жатқанын көріп, екінші рет басына оқ атып өлтірген. Зейнеткер қылмыс орнынан жасырыну мақсатында көлік ұрлап, қашып кеткен.
Күдіктінің кінәсі сараптамалардың қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді.
– Қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, ер адамға орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеумен 11 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, – делінді үкімде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті