Павлодар әкімі қаланың қысқа дайындығын тексерді

Хасар Хабылбеков жылу мамандарымен кездесіп, проблемалық мәселелерді талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күн тәртібінде үш қалалық жылу-электр орталығының негізгі жабдықтарын жөндеу және жылу желілерін күзгі гидравликалық сынақтарға дайындау мәселелері қаралды.
Кеңес барысында бір станция өкілдері негізгі ысырма арматураны ауыстыру қажеттігін айтып, бұл жұмыстарға шамамен үш апта қажет болатынын жеткізді. Алайда, қала әкімі бұған қатаң қарсы пікір білдіріп, жұмысты бір апта ішінде аяқтауды талап етті.
– Мен сіздерге ЖЭО-ны тоқтатуға рұқсат бермеймін. Егер сіздер станцияны 20 күнге тоқтатсаңыздар, біз жылыту маусымын дер кезінде бастай алмай қаламыз, – деді Хасар Хабылбеков.
Жылу желілерінің дайындығына келсек, ТМ-20 нысанында реконструкция жұмыстары аяқталған. 28 шілдеден бастап бұл желіні ЖЭО-1 базасындағы гидравликалық сынақ кестесіне енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ТМ-10 учаскесінде де жөндеу жұмыстары аяқталған.
– Анықталған ақаулар саны 50-ге азайды. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың, соның ішінде қала әкімдігімен бірлескен іс-шаралардың тиімділігін көрсетеді. Тұтынушылардан шағымдар жоқ, – деді «Павлодарские тепловые сети» ЖШС бас директоры Марат Иманаев.
Хасар Хабылбеков жылыту маусымына дайындық – аса маңызды мәселе екенін атап өтіп, жөндеу науқанының кешігуіне жол берілмейтінін ескертті. Ол бұл жағдайды жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.