Ақсуда 40 жылдық құбырлар ауыстырылуда

Кәсіпорын инвестициялық бағдарламаның жүз пайыз орындалғаны туралы есеп берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл сайынғы гидравликалық сынақтар кезінде «Теплосервис-Ақсу» КМК мамандары 8-ші шағын ауданында магистральдік құбырдың тозған жай-күйін тіркеді. 1986 жылы салынған желілердің 80 пайыздан астамы тозған.
—Бұл – қаланың ең күрделі учаскелерінің бірі, — деп түсіндірді «Теплосервис-Ақсу» КМК бас инженері Валерий Абашин. — Біріншіден, мұнда жылу құбыры мен су құбыры қатар өтеді. Екіншіден, жер асты суларының деңгейі өте жоғары. Құдықтар үнемі суға толып тұрады — әсіресе көктемде апта бойы су сору жұмыстары жүргізіледі.
Инженердің сөзін учаскедегі жағдай растайды. Кішкентай ғана жерде орын алған апаттың өзі мыңдаған тұрғынды, бірнеше мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік нысанды жылусыз қалдыруы мүмкін еді.
—Жаңбыр жауғанда, су сіңбей қалады — бұл жердің топырағы батпақты және сортаң. Кейбір үйлердің жертөлелерін үнемі су басып жатады. Жолдың астынан су бұрқақ атып, құбыр жарылысы салдарынан бүкіл аумақты су алып кеткен, — деді Валерий Абашин.
Жағдайдың шұғылдылығын ескере отырып, 2024–2025 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаның қаражаттарын қайта бөлу туралы шешім қабылданды.
— Бұл қаражаттар алдын ала қарастырылған еді, — дейді бас инженер. — Учаскені осындай күйде қалдыру бүкіл қаланың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруі мүмкін еді. Біз жобаны қайта қарап, шын мәнінде қажетті жұмыстарды атқардық.
Атқарылған жұмыстардан кейінгі сынақтар шағын ауданның құбырлары қысқа толық дайын екенін көрсетті. Кәсіпорын инвестициялық бағдарламаның жүз пайыз орындалғаны туралы есеп берді.
—Біз оны қысқа дайындап, сынақтарды өткіздік, бәрі жақсы өтті. Сондықтан қыс мезгілін тыныш өткізетін боламыз. Ал одан кейін жұмысымызды жалғастырамыз. Ауыстыру қажет басқа да құбырлар әлі де бар, — деді кәсіпорын инженері.
Ағымдағы кезең аяқталғанымен, жұмыстар жалғасады. Келесі жылға қосымша жүз метрден астам құбырды ауыстыруды, күшейтілген оқшаулау және топырақ ерекшеліктерін ескерген жоспарлы құбыр тартуды қамтитын жоба дайындалуда.
— Бұрын осы жерде жерүсті құбыр болған, бірақ қала көрінісін сақтау мақсатында оны алып тастады. Дегенмен, мұндай топырақ жағдайында бұл сенімдірек болар еді. Бірақ қаланың келбетін де ескеру қажет, — дейді маман.
Айта кетейік, 2025 жылы бекітілген инвестициялық бағдарламаның 25,26 миллион теңге көлеміндегі қаражат игерілді.
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті және Ернұр Жұмаділов