Павлодарда дәрігерлер үйде босанған әйелге көмектесті
Дүниеге салмағы 3,5 келі болатын ұл бала келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
— Павлодар облысының 103 қызметінің мамандары тағы бір үй жағдайындағы босануды қабылдады. 7 маусым күні сағат 13:00 шамасында жедел жәрдем пультіне 31 жастағы жүкті әйелдің толғағы күшейіп, қағанақ суы кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Нәтижесінде салмағы шамамен 3,5 келі, бойы 53 сантиметр болатын ұл бала дүниеге келді, - делінге хабарламада.
Медицина қызметкерлері нәрестені сүртіп, дене жылуын сақтау үшін жылы көрпеге ораған. Анасы мен жаңа туған сәби алдын ала қабылдау бөлімін хабардар ете отырып, тұрақты жағдайда облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.
Дәрігерлер ауруханадан тыс кез келген босану процесінің арты асқынуларға әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді. Сондықтан жүктілік кезінде мамандардың бақылауында үнемі болуды және қағанақ суы кеткенде немесе толғақ жиілеген жағдайда жедел жәрдем шақыруды кешіктірмеуге кеңес береді.