Павлодарда дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды ма?

Павлодарда дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды ма?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыстың басым бөлігі мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 20 метрге жеткен жел соғып, көптеген ғимараттардың шатырын жұлып әкетті, ағаштарды құлатып, электр сымдары үзілді.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Амановтың хабарлауынша, сол күні кешке төтенше жағдайдың салдарын жоюға 30 жедел топ, жүз техника мен 300 адам жұмылдырылды.

Қаланың 11 ықшам ауданында электр жарығы үзілгенімен, он сағаттың ішінде бүкіл қала жарықпен қамтамасыз етілді. Ең көп зардап шеккен  – Мойылды, Кенжекөл және Атамекен. Электр қуатына қатысты ақауларды жою үшін Павлодар электржелістік тарату компаниясының қызметін шақыруға тура келді. Келесі күні барлығы қалпына келтірілді. 

Құлаған ағаштарға келсек, ТКШ және 109 нөміріне ағаштарды кесу туралы мыңнан астам өтініш түскен. Бүгінгі күні небәрі 960 өтініш қаралған.

Көліктердің еркін жүруі үшін алдымен жолдарды сынған ағаштар мен бұтақтардан тазаладық. Осыдан кейін біз әлеуметтік нысандардағы ағаштарды кесіп, шығаруды бастадық, – деді Әнуарбек Аманов.

Балалар ойын және спорт алаңдары, волейбол, баскетбол және футбол алаңдары сияқты әлеуметтік инфрақұрылым дереу қалпына келтірілді. Ең көп шығын қала жағалауына келтірілген, бірақ жағажайдағы барлық нысандар мерзімінен бұрын қалпына келтірілген болатын.

– Көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың, соның ішінде №40 бөбекжайының шатырын жөндеу ғана қалды, – деп қосты спикер.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов нысандардағы қалпына келтіру жұмыстарының барысын қадағалап, екі апта ішінде қалған барлық мәселені жоюды тапсырды.

Еске сала кетейік, облыс басшысы бұған дейін Ақсуда болған еді. Апаттан кейін ғимараттарды жөндеуге қатысты шағымдарын естіген ол барлық мәселені жақын арада шешуге уәде берді.