Павлодарда депутаттар балаларды қуантты

Павлодарда депутаттар балаларды қуантты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Балаларға жаңа оқу жылына арналған аяқ киім, сөмке және кеңсе тауарлары табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке дайындайық» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Шара облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай мен қалалық мәслихат депутаты Мадина Мұзапарованың сайлау округіндегі балаларға арналды.

Акцияға 50 бала қатысты. Олардың арасында дағдарыс орталығының тәрбиеленушілері, Мойылды ауылындағы аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына жүгінген мұқтаж жанұялардың балалары бар.

– Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – балалар аяқ киім мен сөмкені өз қалауы бойынша таңдады. Әр балаға екі жұп аяқ киім – классикалық және спорттық үлгіде, сондай-ақ жаңа оқу жылына қажетті кеңсе тауарларымен толтырылған рюкзак табыс етілді, – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Сатып алу рәсімінен бөлек, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйланды: тәттілер таратылып, көңілді байқаулар өткізілді, аниматорлар жаздың шаттыққа толы сәттерін сыйлады.

– Балалардың мектепке дайындалуына көмектесу – бұл тек материалдық қолдау ғана емес, олардың болашағына салынған инвестиция және жаңа оқу жылын қуанышпен бастауға деген сенім, – деді облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай.

Қалалық мәслихат депутаты Мадина Мұзапарова өз сөзінде акцияға қатысушыларға балаларға қажетті заттармен қатар мейірім мен қамқорлық, болашаққа сенім сыйлауға шақырды.

«Баланы мектепке дайындайық» республикалық акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасады.