Павлодарда ең көне мешіттің 120 жылдығы тойланды

Мерейтойға орай ерекше көрме қойылып, құнды жәдігерлер халық назарына ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалада өңір тарихындағы ерекше мәдени-рухани оқиға – «Ақмешіт» мешітінің 120 жылдық мерейтойы өтті. Салтанатты жиын Әбусейітов атындағы мәдени-демалыс орталығында ұйымдастырылды.
Мерейтойға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дін өкілдері және тарихи тұлға – мешітті тұрғызған көпес Абдул-Фаттах Рамазановтың ұрпақтары қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов мерейтой иелеріне алғыс хат жолдап, мешіттің тарихи және рухани маңызын атап өтті.
– Павлодар өңірінің тарихи-рухани қазынасы «Ақмешіт» мешітін қайта жаңғыртып, сәулеттік және мәдени келбетін сақтауға үлес қосқан баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қасиетті ғимарат ғасырдан астам уақыт бойы халқымыздың рухани өмірінің айғағына айналды. Бүгінгі күні мешіт қала мұсылмандарының арасында рухани астанасына айналып отыр, – делінген құттықтау жедел хатында.
Жиын барысында мешіт тарихына үлес қосқан азаматтарға Абдул-Фаттах Рамазанов атындағы арнайы медаль табысталды. Бұл марапат өңірдің рухани дамуына еңбек сіңірген тұлғаларға берілді.
Мерейтой аясында мешіт тарихына арналған көрме ұйымдастырылып, көпес Абдул-Фаттах Рамазанов әулетіне тиесілі жүз жылдан астам сақталған құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Экспозицияда Құран, татар тіліндегі «Тәфсір» кітабы, энциклопедиялық сөздік, көне мөрлер және Рамазановтар отбасының фотосуреттері бар альбом қойылды.
Бұл жәдігерлерді табуға және сақтауға бастамашы болған – облыстық татар-башқұрт мәдени орталығының төрағасы Рустам Мазғұтов. Ол отбасылық тарихты бес жыл бойы зерттеп келеді.
– Бес жыл бұрын Рамазановтар әулетінің қабірін тауып, қоршауын қалпына келтіріп, ескерткіш тас орнаттық. Ал биыл бізге нағыз рухани олжа бұйырды – көпестің өз қолымен ұстаған, ғасырдан астам тарихы бар кітаптар мен мөрлер табылды. Бұл – өңір тарихы үшін үлкен құндылық, – деді ол.
Оның айтуынша, жәдігерлер кезінде Рамазановтардың сенімді қызметкерінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде беріліп келген.
Сонымен қатар, Рустам Мазғұтов Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейіне Рамазановтар әулетінің отбасылық фотоальбомын, ал Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға көне мұсылман күнтізбесі мен энциклопедиялық сөздікті сыйға тартты.
Көпестің шөбересі, Мәскеу қаласынан келген физика-кибернетика саласының ғалымы Рүстем Рамазанов бұл сапардың өз өміріндегі ерекше оқиға екенін алға тартты.
– Мен өзімнің арғы атамның Павлодарда осындай ірі тұлға болғанын тек соңғы жылдары білдім. «Ақмешіт» мешіті – оның ең үлкен мұрасы. Бұл ғимараттың әсемдігі мен мағынасы мені терең толқытты. Мен үшін бұл – отбасылық тарихты қайта табу сәті, – деді ол.
Айта кетейік, қаладағы бұл мешіт ең көне әрі көрікті ғимараттардың бірі. Ол 1905 жылы көпес Рамазановтың бастамасымен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен салынған. Ғасырдан астам тарихы бар мешіт талай кезеңді бастан өткеріп, бүгінде өңірдің рухани және мәдени өмірінің маңызды нышанына айналды.