Павлодарда екпеден бас тартқан азаматтардың саны төмендеді
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсаны ішінде қосымша жетпістен астам адам вакцинацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдің медицина мамандары вакцинацияға қатысты қоғамда тараған күмән мен қате түсініктерге тоқталып, екпелердің қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы кеңінен түсіндірді. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, Қазақстанда қолданылатын барлық вакциналар қатаң көпсатылы тексерістен өтеді және әрбір партияның сапасы мен қауіпсіздігі арнайы сертификаттармен расталады.
– Елімізде қолданылатын екпелердің бәрінде арнайы сертификаттары бар. Оны шығарушы мемлекет береді. Кейін олар Қазақстандағы Ұлттық сараптама орталығының тексеруінен өтеді. Сараптама қорытындысы бойынша вакцинаның партиясына орталықтың сертификаты беріледі. Бұл процесс әрбір партияның қауіпсіздігін толық бақылауға мүмкіндік береді, – деді Зәмзәгүл Дощанова.
Сондай-ақ, дәрігерлер ата-аналар арасында жиі кездесетін «комбинирленген вакциналар иммунитетті әлсіретеді» деген пікірдің ғылыми негізі жоқ екенін атап өтті. Керісінше, мұндай вакциналар бір мезетте бірнеше инфекцияға қарсы қорғаныс қалыптастырады және баланың ағзасына түсетін жүктемені азайтады.
– Бізде АКДС деген вакцина жоқ, қазіргі таңда АБКДС – яғни жасушасыз түрі қолданылады. Бұл балалар үшін жеңіл өтеді және ауыр реакциялар сирек кездеседі. Сонымен қатар, балалар үшін психологиялық тұрғыдан да жеңілірек, себебі бірнеше екпені бөлек-бөлек салмай, бір ғана инъекция арқылы бірнеше инфекцияға қарсы қорғаныс қалыптасады, – деді департамент басшысының орынбасары.
Ақ халаттылар екпеден кейінгі кейбір жеңіл реакциялар – қызару, аздап ауырсыну немесе қысқа мерзімді дене қызуы – қалыпты құбылыс екенін алға тартты. Ал ауыр асқынулар өте сирек кездеседі.
Бүгінде аймақтағы қызылша ауруы бойынша жағдайға байланысты қосымша иммундау шаралары жүргізілуде. Алты айдан 11 айға дейінгі балалар, сондай-ақ екпені уақытында алмаған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер қосымша вакцинациядан өтуде.
Алайда өңірде вакцинациядан бас тарту жағдайлары да тіркеліп отыр. Мамандардың мәліметінше, облыс бойынша шамамен екі мыңға жуық ата-ана екпеден бас тартқан. Бірақ бүгінгі күні бас тартулар 30 пайызға азайған.
Дәрігерлердің сөзінше, бас тартудың негізгі себептері – жеке көзқарас, вакцинаға деген сенімсіздік және әлеуметтік желідегі жалған ақпараттардың әсері. Соған қарамастан, медицина қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға күш салуда.