Павлодарда ерекше байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Павлодарда ерекше байқаудың жеңімпаздары марапатталды
Фото: автор

«Достық үйінде» шығармашылық байқау қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара Республика күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Облыстық «Отбасы – тәрбие іргетасы» фестивалі республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өтті.

Байқауға қала мектептері, колледж және этномәдени бірлестіктер қатысты. Финалға тоғыз шығармашылық тандем өтті. Әр оқу орны Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерімен бірігіп өз ұлттарының салт-дәстүрлерін көрсетті.

Фестивальдің қазылар алқасына Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық аналар кеңесінің төрайымы, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова төрағалық етті.

– Фестиваль алғаш рет екі жыл бұрын қолға алынған. Бірінші жылы ол «Отбасы – тәрбие іргетасы» атты ұранмен басталып, мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы байланысты нығайтуды мақсат еткен. Ал биылғы жылы іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналып, этномәдени орталықтармен бірлескен форматта ұйымдастырылды, – деді ол.

Жарысқа оқушыларын әкелген №14 мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Нина Короткова өз әсерімен бөлісті.

– Біз бұл фестивальге үлкен дайындықпен келдік. Бір ай бойы дайындалдық. Біздің мектепте беларус ұлтының өкілдері болмаса да, біз бұл халықтың мәдениетін құрметпен үйрендік. Балалар өзге мәдениетті зерттеу арқылы өз елін, өз дәстүрін де жаңа қырынан таниды, – деді ұстаз.

Ерекше ұжымдардың бірі – сервис және тамақтану колледжі. Оқу орны Грек этномәдени орталығымен бірігіп, халықтар арасындағы достықты сахналады.

– Біздің колледж бұл фестивальға жыл сайын қатысады. Былтыр үшінші орын алсақ, биыл финалға қайта шығып отырмыз. Бұл жолы грек орталығымен бірлесіп өнер көрсетеміз. Қазақтың «Қара жорғасы» мен гректердің «Сиртаки» биін біріктіріп, достық биін дайындадық. Сонымен қатар, қазақ пен грек халқының салт-дәстүрін көрсететін шағын қойылым ұсынамыз, – деді колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Темірболат Венера.

Сайыс қорытынды бойынша бас жүлдені №36 мектеп иеленді. Бірінші орын – №14 мектепке, екінші орын – №40 мектепке, үшінші орын – №11 мектепке бұйырды.

«Халық дәстүрі» номинациясында №7 мектеп пен «Somang» корей қауымдастығы, «Ұлттық би» номинациясында №32 мектеп пен «Грузин этномәдени бірлестігі», ал «Ұлттық киім» номинациясында Павлодар сервис және тамақтану колледжі мен «Эльпида» грек орталығы марапатталды.

«Отбасы – тәрбие іргетасы – 2025» фестивалі павлодарлық этностардың мәдени байлығы мен достығын паш еткен өнер мерекесіне айналды.