Павлодарда ерекше жастар дәмді ас әзірлеп жарысты

Павлодарда ерекше жастар дәмді ас әзірлеп жарысты
Фото: автор

Байқау қатысушыларға кәсіби дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста «Абилимпикс» чемпионаты аясында «Аспаз ісі» құзыреті бойынша кәсіби сайыс ұйымдастырылды. Бүгінгі додада екі санаттағы қатысушылар бақ сынады. №7 арнайы жалпы білім беру мектеп-интернатының тәрбиеленушілері және Павлодар технологиялық колледжінің бірініші және екінші курс студенттері.

Бүгінгі сайысқа 18 жас қатысуда. Олар екі модуль бойынша тапсырма орындады. Біріншісі - құмды қамырдан жасалған киш, екінші - сүтті коктейлін әзірлеу. Дайын болған тағамдардың дәмін қатысушылар өздері татып көріп, дәміне баға беріп, артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтады.

Байқау барысында қатысушыларға қауіпсіздік пен тазалық талаптары да ескертілді. Ұйымдастырушылар аспаз үшін ұқыптылық пен құралдарды дұрыс пайдалану аса маңызды екенін атап өтті. 

Чемпионаттың ұйымдастырушысы, өндірістік тәжірибе жөніндегі басшының орынбасары Меруерт Матанованың айтуынша, бұл жоба жыл сайын өткізіліп келеді.

- «Абилимпикс» - әр адамның мүмкіндігіне қарамастан өз кәсібінде табысқа жете алатынын көрсететін алаң. Бұл байқау қатысушыларға өз талантын ашуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және өзіне сенім қалыптастыруға көмектеседі. Сонымен қатар, қоғамда тең мүмкіндіктердің маңызын еске салады, - деді ол.

Бағалау қарапайым критерийлер бойынша жүргізілді. Мұнда тағамның дәмі, сыртқы көрінісі және дұрыс пісірілуі басты назарда болды. Тәтті тағамдарға берілетін баға бес балдық жүйемен берілді. Байқау соңында барлық қатысушыларға сертификаттар мен тәтті сыйлықтар табысталады.

Сайысқа қатысушылардың бірі - бірінші курс студенті Ерғали Аманжолов аспаздықты таңдауының себебін былай түсіндірді:

- Мен тамақ дайындағанды жақсы көремін. Бұл - күнделікті өмірде де қажет дағды. Үйде ата-анама көмектесемін. Болашақта осы бағытта дамып, жаңа тағам түрлерін үйренгім келеді, - дейді ол.

Ал екінші курс студенті Николай Золотых оқу орны мен тәжірибенің маңызын атап өтті.

– Колледжде оқу ұнайды, ұжымымыз өте тату. Қазір Discover coffee кафесінде тәжірибеден өтіп жүрмін, онда көп нәрсе үйренудемін. Әртүрлі тағам дайындап, дағдыларымды жетілдіріп келемін, – деді студент.

Айта кетейік, жыл сайын «Абилимпикс» чемпионатына қатысуға ниетті жастар саны артып келеді. Бұл жоба олардың кәсіби дамуына жол ашып қана қоймай, қоғамда тең мүмкіндіктер мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етері сөзсіз.