Павлодарда есірткіге қарсы жылжымалы пункт жұмысын бастады

Павлодарда есірткіге қарсы жылжымалы пункт жұмысын бастады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кеңес беру пункті облыстың барлық қалалары мен аудандарында қызмет көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінен жылжымалы «Есiрткiге қарсы кеңес беру пункті» жолға шығып, жаңа жобаның бастауын белгіледі. Бұл бастама халықты, мектеп оқушыларын, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін есiрткi және психотроптық заттардың заңсыз айналымының қауіпті салдары туралы ақпараттандыруға бағытталған.

Жобаны облыстық полиция департаменті мен прокуратура ұйымдастырған. Бастаманы облыстық мəслихат, «AMANAT» партиясының филиалы, денсаулық сақтау және ақпарат пен қоғамдық даму басқармалары, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және «New vision team» қоғамдық қоры қолдады.

–   Сонымен қатар кеңес беру пункті нашақорлық пен уытқұмарлықтың алдын алу, есiрткiге тәуелдi азаматтарды емдеу мен оңалту мәселелері бойынша кеңес беру қызметтерін көрсетеді, – деп атап өтті Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Полиция өкілінің айтуынша, бұл кеңестік көмек көрсету пунктінде республикалық және облыстық психикалық денсаулық орталықтарының психологтары, АИТВ инфекциясының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың мамандары, еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмыс істейді.

Алғашқы аялдама Ақсу қаласы болды. Кеңес беру пункті бұдан кейін облыстың барлық қалалары мен аудандарында қызмет көрсетеді. Полиция қызметкерлері биылғы жылы облыс аумағында 225 есiрткiге қатысты құқық бұзушылықтың жолы кесілгенін және заңсыз айналымнан 423 келіден астам түрлі есiрткi және психотроптық заттардың тәркіленгенін еске салды.