Павлодарда «HALYQ DAUYSY» фестиваліне әзілкеш Данияр Жұмаділов қатысады
«HALYQ DAUYSY» халықаралық музыкалық фестивалінің қорытындысы 26 мамыр күні Ertis Promenade сахнасында өтеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Шара «Нalyq radiosy»-ның 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған. Фестивальдің жеңімпаздары Ertis Promenade сахнасында өнер көрсетеді. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдер арасынан екі үздік, 16 жастан жоғары қатысушылар арасынан жеңімпаздар мен «Нalyq radiosy» ұсынатын арнайы сыйлық иегерлерінің есімдері белгілі болады.
– «Нalyq radiosy» дарынды жастарды қолдап, жаңа есімдер мен әндердің танымал болуына жол ашумен келеді. Фестивальдің мақсаты – халық арасындағы талантты жандарды, жастарды қолдау, халыққа таныстыру. Бұл кешке танымал әнші Мирас Жүгінісов арнайы шақырылды, – дейді ұйымдастырушылар.
Кеш шымылдығын «Нalyq radiosy» Таң.kz жүргізушілері ашып, концерттік бөлімнің көрігін қазақстандық белгілі әзілкеш Данияр Жұмаділов қыздырады. Сондай-ақ бұл кешке эстрада әншісі Еңлік, «Аdai» триосы, Hatikoali сияқты өнерпаздар шақырылған.
Фестивальдің басталуы: 26 мамыр күні, сағат 19:00-де.
Естеріңізге сала кетейік, «HALYQ DAUYSY» халықаралық музыка фестивалінің бірінші іріктеу кезеңі аяқталып, келесі кезеңге өткен 22 финалист бас жүлде 3 млн теңге үшін бақ сынайды. Фестивальге қатысу туралы 125 өтініш түскен болатын. Байқауға Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары белсенді қатысқан. Сондай-ақ Моңғолия мен Ресейдің таланттары өтініш білдірген.
Шараның бас серіктесі - «KAZ MINERALS» тобы