Павлодарда импортты алмастыратын ірі жоба қолдау тапты

Павлодарда импортты алмастыратын ірі жоба қолдау тапты
Фото: автор

Облыс басшылығы жер телімін беріп, барлық көмекті көрсетуге дайын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодардағы кәсіпкерлік нысандарын аралады. Өндірісті кеңейту жобасымен «Завод Гофротара» ЖШС директоры Гүлнар Қайдарова таныстырды. Бұл – «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында орналасатын мүлдем жаңа өндіріс орны болмақ, аты «QAZ ROYALPAK» ЖШС.

– Қазірдің өзінде 20 гектар жер мен техникалық шарттарды алдық, – дейді Гүлнар Қайдарова. – Бұл неғұрлым заманауи, жоғары автоматтандырылған кәсіпорын болады. Мұнда бір ғана қағаз машинасында 186 адам жұмыс істейді, гофрленген қаптама цехын іске қоссақ, қосымша 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жобаның құны 16,7 млрд теңгені құрайды, оның алтауына жуығын кәсіпкер өз қалтасынан шығарса, қалғанын «Индустриялық даму қоры» АҚ құюға уәде берді. Кәсіпкердің қаражатына қазу жұмыстары басталып та кетті. Жобаның мәні – импорттық шикізатты – целлюлозаны, сондай-ақ картон мен қағазды жергілікті өніммен алмастыру.

– Мысалы, ресейліктер «Баян сұлуды» толық басып алды. Олардың шекаралық зауыттары Қазақстанға қорап пен қағаз жеткізеді, – дейді Гүлнар Қайдарова.

Оның айтуынша, қазақстандық қағаз және картон нарығының 81 пайызы импорттық өнімдерге тиесілі. Жаңа зауыт павлодарлық кәсіпорынның өндірісін 60 мың тонна қағаз және картонға дейін ұлғайтады, ол 2027 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады.

– «Баян сұлу», «Рахат» сынды ірі кәсіпорындармен олардың отандық өнімді сатып алуы үшін Үкімет деңгейінде жұмыс істеу керек, – деді Асайын Байханов. – Бізде «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-мен ұқсас жағдай болды, олар Өзбекстаннан да каустикалық тұзды сатып алып жүрді. Біз олармен бірге отырып, осы мәселені талқыладық, «Каустиктен» және Қарағанды облысынан сатып алуды өтіндік. Мұнда да солай жасауға болады.

Билік «Павлодар» АЭА аумағында автомобиль және теміржол желісін кеңейту мәселесін де шешуге уәде берді. Аймақ пен қала басшылығына жобаларды мақұлдап, 2026 жылға арналған облыстық бюджет жобасына енгізу тапсырылды.

«Мерусар и К» ЖШС де көмек сұрады. Компания 2009 жылдан бері бір рет қолданылатын медициналық киімдер мен хирургиялық маталар шығаратын қазақстандық өндіруші болып табылады. Басшы Марат Махановтың айтуынша, компания үнемі жаңа өнімдер түрлерін игеріп отырады. Мәселен, тұрмыстық қажетті бір реттік майлықтар мен бір рет қолданылатын шүберектер шығарыла бастады.

Өңір басшысы атап өткендей, 2020 жылы коронавирустық індет кезінде «Мерусар и К» ЖШС-і, біздің медициналық мекемелер де, қарапайым азаматтар да өз өнімдерін жақсы жағынан көрсетті. Мәселе тек асфальт төселген кіреберіс жолдар мен жарықтандырудың жоқтығында.

Асайын Байханов бұл мәселені шешуді тапсырды. Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков фабрикаға кірер жолды биыл асфальттауға уәде берді. Жарықтандыру мәселесіне келсек, арнайы жоба әзірлегеннен кейін қала билігі бұл мәселені 2026 жылдан бастап шешуге кіріседі.