Павлодарда инватакси қызметін пайдалану тәртібі түсіндірілді
Басымдық – олардың жұмыс пен оқу орындарына баруына беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, инватакси апаратын бағыттар нақты ережелермен шектелген.
Инватаксимен баруға рұқсат етілген орындар:
• жұмыс пен оқу орны;
• жергілікті мемлекеттік органдар, сот және прокуратура;
• әлеуметтік сала мекемелері;
• заңгерлік кеңес пен нотариус;
• медициналық ұйымдар (жедел жәрдем жағдайынан басқа);
• әуежай, теміржол және автовокзал, өзен порты;
• арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар;
• спорттық-сауықтыру және мәдени-бұқаралық іс-шаралар;
• шіркеу мен мешіт (аптасына бір рет);
• дүкендер, жәрмеңке мен базарлар, қонаққа бару (аптасына бір рет);
• Павлодар қаласы аумағындағы демалыс аймақтары, соның ішінде «Мойылды» шипажайы;
• Павлодар қаласына қарасты ауылдық елді мекендер.
– Қызмет алдымен жұмыс істейтін, оқитын немесе мектепке дейінгі ұйымдарға баратын мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіледі. Қалған азаматтарға инватакси өтініш беру ретіне қарай қызмет көрсетеді, – деді бөлім мамандары.
Сонымен қатар, егер тұрғындар барғысы келетін орын тізімде көрсетілмесе, оны растайтын құжат ұсынуы қажет.