Павлодарда Кеңес Одағы Батырының есімі ұлықталды
Салтанатты рәсім шаһардағы аттас мектепте орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте батырдың 114 жылдығына орай «Бауыржан оқулары» қалалық байқауы өтті. Мұндағы мақсат – қолбасшы әрі жазушының есімін ұлықтау, өскелең ұрпақ арасында насихаттау.
- Жалпықалалық деңгейде мұндай өнер сайысын тұңғыш рет өткіздік, - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Естай Рысбек. – Мектебімізде түрлі тәрбиелік мақсаттағы іс-шаралар көптеп өткізіледі. Біз Бауыржан Момышұлының есімімен мақтанамыз, балаларымыз да мектеп атын құрмет тұтады деп сенеміз.
Байқау шарттары бойынша оқушылар әскери немесе патриоттық тақырыпта өз шығармаларын ұсынуы, Бауыржан Момышұлының өлеңдерін мәнерлеп оқып, яки батырға арналған буктрейлерлер әзірлеуі тиіс болды.
Үздіктер мақтау қағаздары, сыйлықтар мен сертификаттармен марапатталды. Қатысушылар мен мектеп қонақтарына арналған кішігіріп концерттік бағдарлама ұсынылды. Әнші Алмас Мақатай кеш көркін қыздырды.