Павлодарда кене маусымы басталды: мамандар сақтық шараларын ескертеді

Павлодарда кене маусымы басталды: мамандар сақтық шараларын ескертеді
Фото: pexels.com/Erik Karits

Облыс қауіпті аймақтар тізіміне кірмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде күннің жылынуымен бірге кене маусымы басталды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Дощанованың айтуынша, облыс эндемиялық аймақтарға жатпайды, сондықтан тұрғындарға кене энцефалитіне қарсы екпе салынбайды.

Сала мамандары табиғатта кенелердің елуден астам түрі кездесетінін атап өтті. Дегенмен, біздің облыс қауіпті аймақтар қатарына кірмейді. Алайда мамандар тұрғындарды табиғат аясында серуендегенде, саябақта, скверде, орманда немесе саяжайда жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.

– Ашық түсті, ұзын жеңді киім киген дұрыс. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қойған жөн. Бұл кененің теріге өтуіне жол бермейді. Ашық түсті киім кене бар-жоғын тез байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, арнайы репелленттерді қолдану қажет. Олар кенелер мен жәндіктерді үркітіп, киімге жақындауына жол бермейді, – деді Зәмзәгүл Дощанова.

Сондай-ақ табиғаттан кейін міндетті түрде киімді және денені мұқият тексеру керек. Егер кене анықталса, оны өз бетімен жұлып алмай, медициналық мекемеге жүгінген жөн.