Павлодарда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Әр елден 169 баяндама ұсынылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Инновациялық Еуразия университетінде 51-ші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бұл — жыл сайын өтетін, өңірдің ең үздік мектеп оқушыларын бір арнаға тоғыстыратын маңызды шара. Әлемнің түрлі елдерінен ғалымдар жас ізденушілерге онлайн түрде сәлем жолдады.
«Білім мен ғылымның интеграциясы – болашаққа қадам» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге жалғасады. Жыл сайын Инновациялық Еуразия университеті зерттеушілер, студенттер мен жас ғалымдар арасында білім мен идеялар алмасуға арналған бірегей алаң қалыптастырып келеді.
– Қазақстаннан бөлек, конференцияға Ресей, Өзбекстан және Грузия елдерінің өкілдері қатысып отыр. Біз шараны онлайн және офлайн форматтарда өткізіп жатырмыз. Бүгін ресми ашылу рәсімі өтті, қатысушылар тіркеуден өтті. Одан кейін пленарлық отырыс ұйымдастырылды, қазір секциялық жұмыстар жүргізілуде, – деді ИнЕУ Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Жанетта Исаева.
Конференцияға қатысушылардың бірі – Павлодардағы География үйінің жас белсендісі Елисей Реснянский. Ол өз баяндамасына бірнеше жылдан бері зерттеп жүрген тақырыпты арқау етті.
– Зерттеу объектіміз – облыстың минералдық ресурстары. Ал зерттеу пәні – олардың археологиялық нысандармен байланысы. Біздің гипотезамыз бойынша, геодеректер мен бастапқы барлау жеткіліксіз болған жағдайда археологиялық деректер мен белгілерді пайдалануға болады, – деді ғылыми конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Елисей Реснянский.
Конференция жеңімпазы университет ректорының грантына ие болады. Бұл грант Инновациялық Еуразия университетінде оқудың бірінші жылын толықтай қамтиды. Сонымен қатар, оқу үлгерімі мен ғылыми жетістіктеріне қарай келесі жылдарға ұзартылуы мүмкін.